Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен 2024 жылғы 19 наурызда “Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты” мен Малайзия қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының (MIROS) жұмыс кездесуі өтті, оның шеңберінде өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл қадам жол қауіпсіздігі саласындағы екі жетекші ғылыми ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуын білдіреді.
Меморандумның мақсаты-жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы бірлескен зерттеулер мен бастамаларды нығайтуға, ілгерілетуге және дамытуға, жол-көлік оқиғаларын азайту үшін инновациялық технологиялар мен әдістемелерді енгізуге, сондай-ақ елдер арасында тәжірибе мен білім алмасуға бағытталған ынтымақтастық туралы жұмыс келісімін жасау.
Кездесу аясында малайзиялық ғалымдардың Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы шеңберінде “ҚазжолҒЗИ” АҚ “Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-мен бірлесіп әзірлеп жатқан “жол қозғалысы қауіпсіздігі рәсімдері” ведомстволық нормативін әзірлеуге қатысу мүмкіндігі талқыланды.
MIROS Малайзиядағы жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға елеулі үлес қосады, олар қолданатын тәжірибелерді стандарттар мен стратегияларды зерделеу қазақстандық жол қозғалысы қауіпсіздігі мамандарының әлеуетін арттырады. Бірлескен жұмыс тек біздің елдерімізде ғана емес, жалпы Орталық Азия және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінде де жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер етеді.
Бұл меморандум жолдардағы апаттылықты, өлім-жітімді және жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) ауырлығын төмендету үшін екі жетекші зерттеу институтының бірлескен күш-жігерін көздейді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына жол қозғалысы қауіпсіздігі, Халықаралық жол жобаларын бағалау жүйесін (IRAP) енгізу және дамыту, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы басқа да салалар жатады.