2023 жылғы 6 қазанда Прага қаласында AFRY CZ s.r.o. (Чех Республикасы) атынан атқарушы директор Петр Кошан және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты (Қазақстан) атынан директор Арыстан Масанов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
AFRY компаниясының тарихы 1895 жылдан басталады. 125 жылдан астам уақыт ішінде компания электр энергиясы, автоматтандыру және цифрландыру сияқты бірнеше ірі технологиялық өзгерістерге қатысып, өнеркәсіптік трансформацияның алдыңғы қатарында болды. Бүгінде AFRY - технологиялар саласындағы жаңашыл әрі тұрақты дамуға көшудегі жетекші серіктес. Компания сутегі энергетикасы, гидроаккумуляциялық электр станциялары, теңіздегі жел энергетикасы, электр энергиясын беру, биотехнологиялық материалдар, металдар, тау-кен өнеркәсібі және жол қозғалысы қауіпсіздігі салаларында жетекші орын алады.
Екі компания бір-бірін жақсы біледі және 2020-2021 жылдары Дүниежүзілік банк қаржыландырған «Қазақстан Республикасында жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін бағалаудың Еуропалық бағдарламасын енгізу» атты маңызды жобаны сәтті аяқтаған. 2022 жылғы желтоқсаннан бастап компаниялар ЕҚДБ қаржыландыратын «Стратегиялық жол желісіндегі стратегиялық тәуекелдерді бағалау» жобасын бірлесіп жүзеге асыруда және оны 2023 жылғы желтоқсанда аяқтауды көздеп отыр.
AFRY мен ҚазЖҚҚҒЗИ арасындағы осы өзара түсіністік туралы меморандумның (ӨТТМ) мақсаты - жол қозғалысы қауіпсіздігі және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту.


