БҰҰ Бас Ассамблеясының 2005 жылғы 1 желтоқсандағы № 60/5 қарарына сәйкес биылғы 21 қараша - Жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алудың дүниежүзілік күні. Осы күнге орай сағат 14:00-де «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС (бұдан әрі - ҚазЖҚҚҒЗИ) Алматы қаласының әкімдігімен, Алматы қаласының полиция департаментімен және «ҚазДорНИИ» АҚ-мен бірлесіп жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне арналған акция өткізуді жоспарлап отыр. Акцияның мақсаты - жұртшылықтың назарын жол-көлік оқиғалары мен автомобиль жолдарындағы өлім-жітім мәселелеріне аудару.
Акция өтетін орны мен уақыты: Әбіш Кекілбайұлы көшесі, № 63 мектептің қарсысындағы жаяу жүргіншілер өткелінің жаны, 2021 жылғы 21 қараша, сағат 14:00.
ДДСҰ деректері бойынша жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 1,35 миллионға жуық адам қаза табады. Мұндай апаттар 5 пен 29 жас аралығындағы жастар өлімінің негізгі себебі болып табылады.
Өкінішке қарай, қазіргі үрдістер БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 3.6-тармағын іске асыру барысына кері әсер етуде. Бұл тармақ 2030 жылға қарай жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді 50%-ға азайтуды көздейді.
Соңғы 10 жылда елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 24 488 адам қаза тапты, оның ішінде 2020 жылы - 1997 адам (локдаундар мен карантиндерге байланысты қозғалыс шектеулеріне қарамастан), 2019 жылы - 2 373, 2018 жылы - 2 096, 2017 жылы - 2 086, 2016 жылы - 2 390, 2015 жылы - 2 453, 2014 жылы - 2 585, 2013 жылы - 3 037, 2012 жылы - 3 022, 2011 жылы - 2 449.
Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты жолдарымыздағы өлім-жітім мен жарақаттануды азайтуды өзінің мақсаты етіп қояды.
Біз еске алу күніне қосыла отырып, мезгілсіз көз жұмғандарды еске аламыз, ал осы қайғылы тағдыр айналып өткен барлығымызға жол жүрісі қағидаларын сақтаудың, қағида бұзушылыққа мүлде төзбеудің қаншалықты маңызды екенін еске саламыз және жол қозғалысына қатысушы ретінде өз өміріміз үшін ғана емес, айналамыздағылардың өмірі үшін де жауап беретінімізді ұмытпауға шақырамыз.
Біз жолда қаза тапқан адамдардың барлығын құрметпен еске аламыз;
Біз жол қызметтерінің, авариялық-құтқару қызметтерінің және полицияның аса маңызды жұмысын мойындаймыз;
Біз жолдағы өлім мен жарақаттану жағдайларына құқықтық тұрғыдан тиімсіз ден қоюға назар аудару қажет деп санаймыз;
Біз жол-көлік оқиғаларының құрбандары мен олардың отбасыларына тиімдірек қолдау көрсетуді жақтаймыз;
Біз жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім мен жарақаттанудың алдын алуға және түптеп келгенде олардың одан әрі өсуін тоқтатуға бағытталған ғылыми негізделген шаралардың қабылдануына ықпал етеміз.
«ҚазЖҚҚҒЗИ» ЖШС директорының орынбасары Жандос Аманбаев, www.kazrap.kz
«ҚазЖҚҚҒЗИ» ЖШС жол қозғалысы қауіпсіздігі мониторингі бөлімінің бастығы Гүлмира Берсұғұрова, www.kazrap.kz