Мерейтойлық саяси форум бес жылдағы жұмысты қорытындылайды. «Астана клубы» халықаралық пікірталас алаңы өзінің бесінші отырысына жиналады. Әлемнің 50 үздік саясаткері, Еуразияның танымал зиялылары мен халықаралық қатынастар саласындағы үздік мамандардың кезекті кездесуі 2019 жылғы 11-12 қарашада Қазақстан астанасында өтеді деп жоспарлануда. Іс-шараны дәстүрлі түрде Әлемдік экономика және саясат институты мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ұйымдастырады. Отырыстың күн тәртібінде - қауіпсіздіктің өзекті мәселелері және Үлкен Еуразияның стратегиялық болашағы. Бес сессия аясында Клуб қатысушылары Еуразия мемлекеттері мен халықтарының дамуындағы ең өткір проблемалық үрдістерді талқылап, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін белгілейді, сондай-ақ болашақтың нобайы мен сценарийлерін айқындайды. Тұжырымдамалық тұрғыдан барлық пікірталас басты мәселе - Үлкен Еуразияда ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын құру төңірегінде өрбиді. Бұл тақырыптың таңдалуы соңғы 70 жыл бойы халықаралық қатынастардағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп келген жаһандық институттардың ауқымды күйреу және құлдырау үдерістеріне байланысты. Оның үстіне, күйреудің шыңы дәл қазіргі кезеңге келіп отыр, бұл ядролық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық келісімдердің ыдырауынан, әлемдік экономикадағы протекционизмнің күшеюінен, сондай-ақ санкциялық эскалациядан көрінеді. Барлық ұлттарды түгел қамтыған жаңа жаһандық қатер - климаттың нашарлауы. Нәтижесінде дамуымыздың қаншалықты тұрақты болатыны жөніндегі стратегиялық белгісіздік артып келеді. Осы мәселелердің барлығы адал әрі ашық пікірталасты қажет етеді. Қатысушылар мен көпшілік назарына Әлемдік экономика және саясат институты әзірлеген «Еуразия үшін 2020 жылғы 10 басты тәуекел» талдамалық рейтингінің екінші басылымы да ұсынылады. Тәуекелдер рейтингінің өткен жылғы алғашқы шығарылымында ұсынылған форсайт-талдау іс жүзінде өзінің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті, ӘЭСИ Клубтың кезекті отырысына жаңа басылым дайындап жатыр. Рейтинг әлемнің 40 жетекші сарапшысының қатысуымен ӘЭСИ сарапшылары жүргізген зерттеулердің нәтижесі болып табылады. Astana Club қызметіне халықаралық қызығушылықтың себебі - 2015 жылы құрылған қазақстандық пікірталас алаңы қысқа уақыт ішінде заманымыздың ең күрделі мәселелері бойынша ортақ тәсілдер әзірлеу үшін Еуразияның барлық негізгі мүдделі тараптарын біріктіретін шынайы жаһандық платформаға айналды. Осы тұрғыда Astana Club Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының айқын көрінісі болып табылады. Қызметінің бүкіл кезеңінде Клуб жұмысына әлемнің 40 елінен, соның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа елдерден 200-ден астам спикер қатысты. Бес жылдық тарихында «Астана клубының» спикерлері мен хедлайнерлері ретінде Жозе Мануэл Баррозу, Мохаммед Эль-Барадеи, Ахмет Давутоғлу, Вацлав Клаус, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Иэн Моррис, Роберт Каплан сияқты белгілі саясаткерлер мен сарапшылар және басқа да көптеген тұлғалар сөз сөйледі. «Астана клубының» жыл сайынғы отырыстарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады. Атап өту керек, Астана клубы отырыстары аясындағы талқылаулар «үлкен еуразиялық дискурсты» қалыптастыру мен ілгерілетудің маңызды алаңына айналды. Клубтың әр кездесуі Еуразия мегаконтиненті шегіндегі Азия мен Еуропаның барлық мемлекеттерін қамтитын және олардың саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимылы мәселелерін қозғайтын, жаңадан қалыптасып келе жатқан «Үлкен Еуразия» феноменінің қандай да бір қырына арналады. Мәселен, 2015 жылғы қарашада өткен «Астана клубының» ең алғашқы отырысында Еуразияның геоэкономикасы мәселелері қаралды. Екінші отырыс аясында Еуразия кеңістігіндегі алдағы трансформациялардың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері талқыланды. Клубтың 2017 жылғы үшінші отырысы «Үлкен Еуразия - 2027: тартыс па, әлде әріптестік пе» тақырыбында өтті. 2018 жылы Astana Club-тың төртінші отырысы аясында сарапшылардың жұмысы «Үлкен Еуразияға бастар жолда: ортақ болашақты қалай құруға болады?» деп тұжырымдалған басты тақырып төңірегінде өрбіді. Клубтың бесінші отырысының тақырыбы - «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа архитектурасына бастар жолда». Клубтың сараптамалық пікірталастарының басты назарында - АҚШ, ҚХР және Ресей арасындағы текетірестің қазіргі шиеленісуі, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің өсуі, сондай-ақ әлемнің көптеген ыстық нүктелеріндегі эскалацияның жаңа кезеңі. Еуразиядағы ынтымақтастықтың болашақ архитектурасын қалыптастыруға, сондай-ақ жаһандық зымыран-ядролық қарулану жарысы проблемасы сияқты жаһандық қауіпсіздіктің негізгі сын-қатерлеріне жауап іздеуге ерекше назар аударылады.