2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 95%-ының жай-күйі жақсаруы мүмкін, деп атап өтті Мемлекет басшысы
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейтуге 350 млрд теңге бөлуді тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Соңғы жылдары республикалық автокөлік желісін салу бойынша тарихи маңызды жұмыс атқарылды. Жалпы алғанда біз 14 мың км-ден астам автомобиль жолын, 2,5 мың км темір жолды, әуежайлар мен теңіз порттарын салып, қайта жаңарттық. Бәрі жасалды, Қазақстанда мұндай ешқашан болмаған, бұл - мақтаныш. Бұл жолдармен біздің балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз жүреді. Олардың бәрі маңызды, бірақ үйге дейінгі жол одан да маңызды», - деді Президент «Нұр Отан» партиясының съезінде.
«Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту - Үкіметтің басты міндеті, оның орындалуын партия бақылауы қажет. Жергілікті жерлерде жағдайды түзеу үшін осы мақсаттарға қосымша 350 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Біз есептеп көрдік, егер бұл қаражат дұрыс пайдаланылса, 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 95%-ының жай-күйі жақсаруы мүмкін», - деп қосты Мемлекет басшысы.
Ол өңірлік көлік инфрақұрылымының барлық нысандары - әуежайлар, автомобиль және темір жол нысандары жаңғыртылуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент сөйлеген сөзінде ел тұрғындарының барлығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету және оған қолжетімділік, сондай-ақ ауқымды газдандыру жүргізу аса маңызды басымдықтар екенін атап өтті.
«Сумен жабдықтау мен су бұруды қамтамасыз етуге қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражатты облыстар алады, әкімдер тәртіп орнатумен айналысуы тиіс. Бұл бізге осы саладағы мәселені 2,2 млн азаматымыз үшін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ газдандыру мен электрмен жабдықтауға қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар 1,1 млн адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірлік электрмен жабдықтаудың сенімділігі айтарлықтай артады. Үкіметке осы мақсаттар үшін 2019-2021 жылдарға шамамен 920 млрд теңге қарастыруды тапсырамын», - деді Президент.