Қазақстанда алғашқы ақылы учаске осыдан 6 жыл бұрын ашылған. Биыл олардың саны 4 учаскеге жетті. Барлық ақылы автомобиль жолдары заманауи төлем алу пункттерімен жабдықталған. Төлем алу пункттерінен жылдам әрі қауіпсіз өту үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау қажет.
Біріншіден, өзіңізге қажетті жолақты таңдаңыз. Жолақтардың жоғарғы бөлігінде орналасқан жол көрсеткіштері мен цифрлық таблоларға назар аударыңыз. Жүк автомобильдері үшін арнайы жолақтар бар. Сондай-ақ алдын ала төлем жасаған автомобильдерге арналған жолақтар жасыл түспен белгіленген.
Екіншіден, жол жүрісі қағидаларын есте сақтаңыз. Төлем алу пунктіне жақындаған кезде жүргізуші орнатылған жол белгілеріне сәйкес жылдамдықты біртіндеп төмендетуі тиіс. 10 метр қауіпсіз арақашықтықты сақтауды да ұмытпау керек. Егер автомобильдер бір-біріне бұдан жақын тұрса, бұл апаттық жағдай туғызып қана қоймай, көлік құралының дұрыс жіктелмеуіне де себеп болады. Төлем алу пунктінен өту жылдамдығында автомобильдің мемлекеттік нөмірлік белгілерінің жай-күйі де маңызды рөл атқарады. Еске саламыз, олар таза әрі деформацияланбаған болуы керек.
Үшіншіден, төлемді алдын ала ойластырыңыз. Төлем терминалына кіре берісте бағдаршам мен табло орнатылған. Жүйе нөмірлік белгіден деректерді оқығаннан кейін таблода 3 өріс көрсетіледі - автомобиль нөмірі, төленетін сома және шоттағы қалдық. Алдын ала төлем жасалып, шоттағы қалдық оң болса, бағдаршамның жасыл сигналы жанып, шлагбаум ашылады. Алайда шот алдын ала толықтырылмаса, төлемді қолма-қол ақшамен (банкноттар, тиындар) де, банк картасымен де жасауға болады. Бұл жағдайда шлагбаум фискалдық чек алынғаннан кейін ашылады.