Автокөлік нөміріне қарыздың есептелуінің бірнеше себебі бар: 1. Барлық ақылы жолдар аймақтарға бөлінген. Әр аймақтың шекарасында автокөлік туралы ақпаратты оқитын және осы учаске үшін төлемақыны есептейтін құрылғылар орнатылған. Егер автокөлік осы учаскелер арасында жүріп, бірақ төлем алу пунктінен өтпесе немесе оның шотында есептен шығаруға қаражат жеткіліксіз болса, бұл сома қарыз ретінде есептеледі. 2. Қаражаттың жетіспеушілігі. Төлем алу пунктінде жүргізушінің төлеуге қаражаты жетпей қалатын жағдайлар болады. Мұндай жағдайда қалған сома қарыз ретінде есептеледі. 3. Егер адами факторларға (жол-көлік оқиғасы, басқа жолаққа шығу) байланысты төлем алу пунктінің алдында ұзындығы 300 метрден асатын көлік кептелісі пайда болса, барлық шлагбаумдар ашылып, автокөліктер төлемсіз өтеді. Алайда бұл сома қарыз ретінде тіркеліп, ақылы учаскеден келесі жолы өткен кезде төлемге қосылады.
Қарызын өтемеген жүргізушілердің мекенжайына қарыз туралы хабарлама жіберіледі. Хабарламада белгіленген мерзімде жол ақысы төленбеген жағдайда төлемеуші туралы мәліметтер Көліктік бақылау инспекциясына жіберіліп, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Заңды тұлғалар үшін айыппұл сомасы 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.