2025 жылғы 30 сәуірде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ҚазЖҚҚҒЗИ) Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы жаңартылған меморандумға қол қойды. Құжат бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы болды және тараптардың Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру саласындағы серіктестікті тереңдетуге ұмтылысын көрсетеді.
Жаңартылған меморандум аясында тараптар KazRAP өңірлік бағдарламасын енгізу стратегиясын талқылап, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру жөніндегі басым шараларды келісті. iRAP халықаралық әдістемесін қолдана отырып, жол қауіпсіздігінің ұлттық стратегиясын іске асыруға және бұл әдістемені KazRAP цифрлық платформасы арқылы Қазақстан жағдайына бейімдеуге ерекше назар аударылды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «ҚазЖҚҚҒЗИ» ЖШС арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында талдау жүргізуге, ғылыми негізделген тәсілдерді қолдануға және инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа көкжиектер ашады. Бұл БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес елдің көлік инфрақұрылымын 2030 жылға дейін дамытудағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді.

