Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі туралы бірнеше рет айтып, адам өмірі баға жетпес құндылық екенін, мемлекеттік органдар мен қоғам жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім мен жарақаттануды азайту үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауы қажет екенін атап өтті. Бұл проблема тек біздің елге ғана тән емес және іс жүзінде барлық мемлекеттер өз жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін күресіп жатқандықтан, үздік әдістерді үйрену тәжірибесі аса маңызды. Биылғы 26 мамырда Астана қаласында «ҚазЖҚҚҒЗИ» ЖШС мемлекеттік органдардың басшы құрамына жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырудың маңызы және Халықаралық жолдарды бағалау бағдарламасының (IRAP) рөлі туралы оқыту семинарын өткізді. Семинарда инженерлік ортада кеңінен танымал, IRAP-тың әлемдік жетекші мамандары Люк Роджерс және Джигеш Бхавсар мырзалар оқытушы болды. Семинарда әлемдік үздік тәжірибелерді, атап айтқанда Халықаралық жолдарды бағалау бағдарламасын енгізудің маңызы, сондай-ақ кең ауқымды іс-қимылдарды қолдауға арналған әдістеме, құралдар, коммуникациялар және насихаттау талқыланды. Семинарға ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басшылығы мен жергілікті атқарушы органдардың басшы құрамы қатысты. Кейбір қатысушылар онлайн форматта қосылды. Іс-шара дәрістермен шектелмей, қызу пікірталасқа ұласты: қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісіп, өзекті сұрақтар қойды.
