KazRAP бағдарламасы туралы Қызметтер Жобалар Жаңалықтар Нормативтер мен нұсқаулықтар Аккредиттеулер мен сертификаттар Сұрақ - жауап Біз туралы Серіктестер мен меморандумдар Галерея Байланыс

Малдың жолдың жүру бөлігіне шығуына жол бермеу жөніндегі кешенді жұмыстар

2019 жылғы 3 қыркүйек

Малдың жолдың жүру бөлігіне шығуына жол бермеу жөніндегі кешенді жұмыстар

2019 жылдың басынан бері «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау» және «Алматы-Қорғас» ақылы учаскелерінде 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам зардап шекті. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

Жол қызметтеріне малдың жолдың жүру бөлігіне шығуы туралы шағымдар күн сайын келіп түседі. Кезекшілер уәкілетті органдарға уақтылы хабар бергенімен, полиция қызметкерлері оқиға орнына әрдайым жедел жете бермейді. Ал жол қызметі қызметкерлерінің мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға өкілеттігі жоқ. Сол себепті жол-пайдалану учаскелерінің қызметкерлері малды жолдың жүру бөлігінен өздері қууға мәжбүр. Жыл басынан бері мал иелерінің тек үшеуі ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жануарларда таңба мен сырға болмағандықтан, мал иелерін табу әрдайым мүмкін бола бермейді.

«Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жыл сайын жергілікті атқарушы органдармен, учаскелік полиция инспекторларымен, ақылы учаскелердің маңында орналасқан шаруа қожалықтарының иелерімен және жергілікті тұрғындармен бірлесіп жиналыстар өткізеді. Жиналыс барысында малды жолға бөлінген белдеуде жаюдың салдары түсіндіріліп, әкімшілік жауапкершілік туралы жаднамалар таратылады. Биыл осы мәселе бойынша «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесінде 28, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 6, «Алматы-Қорғас» учаскесінде 1 жиналыс өткізілді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4 ақылы учаскеде жалпы ұзындығы 400 000 қума метрден асатын қоршау орнатылған. Алайда қоршау элементтерін (торларды) ұрлау фактілері де бар. Мәселен, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 5000 қума метрге жуық қоршау ұрланған, ол биыл Дирекцияның күшімен 100% көлемде қалпына келтірілді.

2019 жылы «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автомобиль жолының бойында 6500 қума метрден астам қоршау орнатылды. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы бұл учаскеде қосымша 6000 қума метр тор, ал «Алматы-Қорғас» учаскесінде 10 000 қума метрге жуық тор орнатылады.

«Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы шаруа қожалықтарының иелерін малдың жолдың жүру бөлігіне шығуына, сондай-ақ үй малын автомобиль жолына бөлінген белдеуде жаюға жол бермеуге, ал жүргізушілерді рөл артында сақ әрі мұқият болуға шақырады. Себебі жол-көлік оқиғалары жол жүрісі қағидаларын сақтамаудан (жылдамдықты асыру, көлік құралының ақаулығы) ғана емес, малдың жолдың жүру бөлігіне шығуынан да болады.

Алдыңғы жаңалықКелесі жаңалық
Барлық жаңалықтар
WhatsApp-қа жазу