2020 жылғы 11 наурызда «Движение без опасности» сараптамалық орталығының (Ресей Федерациясы) бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, Яндекс.Такси мен ЮНИСЕФ өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта балалардың жол-көлік жарақаттануы еліміз үшін күрделі мәселе болып отыр. Мәселен, 2018 жылы жолдарда 3739 кәмелетке толмаған жарақат алып, 197 бала мен жасөспірім қаза тапты.
«Кәсіби инженерлер мен консультанттардың қазақстандық ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Арыстан Жоланұлы Масанов «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы» баяндама жасады. Масанов мырза iRAP автомобиль жолдарының қауіпсіздігін бағалау бағдарламасы аясындағы «Star Rating for Schools» (Мектептерге арналған жұлдыздық бағалау) бағдарламасын таныстырып, оны қолдану мектеп маңындағы аумақтардың және оқушылардың үйден мектепке дейінгі бағыттарының қауіпсіздігін арттыруға қандай пайда әкелетінін атап өтті.
